Сәлем, менің есімім Асем. Осы күннен бастап, сән редакторының бағанасын мен жүргізетін боламын. Стиль мен сән туралы төл тілімізде жазу жобасын қуана қарсы алады деп ойлаймын.


Өзім туралы қысқаша айта кететін болсам, стилист мамандығын Мәскеу қаласында игергенмін. Отандық және шетелдік танымал тұлғалармен түсірілімдерде көп жұмыс істедім. Киім киюдің қасиетін жақсы түсінемін. Сырт келбеттің қоршаған ортаға адам туралы ақпарат шашып тұратынын білемін, және сол ақпаратты киім киген адамға “көмекші” ете аламын.
Сән әлемінің қыр-сыры көп болғанымен, қызығы да мол. Бұл бағананың басты міндеті, әр күн сайын мың құбылып тұратын сән сферасының шаңына батпай, өз стиліңізге берік болуға ынталандыру болып табылады. Күнделікті өмірде түрлі брендтерге құмартып, өзін стильдімін деп санайтын көптеген арулармен кездесемін, маған олар өз стилін таба алмай жүрген сияқты болып көрінетіні рас. Дәл сондай, “адасқан” жандарға арнап стилистің бас қағидасын ұсынғым келеді, ол – стильді болып көріну үшін, қымбат брендтерді қуу міндет еместігін жеткізу.


Бұл бағананың тағы бір түрте кететін ерекшелігі ол – әдетте жастар қауымы ұялып сөйлемейтін, ана тілімізге деген құрмет!
Үлкен моллдарда, бутиктерде, курорттарда, атақты дизайнерлердің көрсетілімдерінде, сұлулық салондарда жүргендердің арасында да қазақ қыздары бар. Бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен әлем тербеткен қазақ қыз-келіншектерінің қолынан келмейтін іс жоқ. Таңертең үй киімімен жүріп, балаларына таңғы ас беріп отырған әйелді, кешкі маңызды кездесуде тіпті танымай қаласыз.

Ерлерден қалмай бизнесте жүрген қанша аруымыз бар. Олардың көбі басқа тілдерде еркін сөйлесе алса да, туған тілінде сөйлей алмайтын сияқты болып көрінуді ұстанады.
Шетел тілдерінде шүлдірлеген аруларымыз, сән туралы қазақша блогты оқып, төл тілінде сөйлеуге қысылмаса деген арманым бар. Сән тіл мен заман таңдамайды, ол тек белгілі ұстамдар талап ететіндігін естеріңізге сала кетіп, алғашқы бағанамды аяқтағым келіп отыр.

 

Автор: Асем Хасангалиева

Фото: @lifeassem