Заманауи қыз-келіншектер үнемі асығыс үстінде жүретіні рас. Тәуліктегі 24 сағатты аздық ететін жандар үшін, өз стилін толықтырудың орнына, блогерлер ұсынған образдарды “көшіре салу” оңайырақ болып көрінеді. 
 
 
Өз, басым бұған қарсымын. Журналдардың мұқабасындағы образды да, блогерлерге де стилистер көмекке келетінін ұмытпаңыздар. Мұқабадағы аруды ашып тұрған түс, сізге жараспауы мүмкін, немесе дене пішініңізге сай келмеуі де мүмкін. Сондықтан да, образдарды қайталауға асықпаңыздар. Үнемділік пен талғам арқылы, арзан мен қымбатты үйлестіріп керемет стиль ойлап табуға болады. 
 
 
Сөз етіп отырған заманауи қазақ қызының бірі менмін. Менің киіну салтыма тоқталатын болсақ, онда бір қатып қалған тұрақтылық бар деп айта алмаймын. Үнемі іздену үстіндемін. Сол ізденіс арқылы, киімдерім көбейіп, әртүрлі және көптеген образдар айқындала түседі. Әйтсе де, бұл толықтырулар жалт еткізіп назар аудартпайтыны рас, өйткені стильдің бәйтерегі ол – үйлесімділік.
Жаңа киім-кешектер мен аксессуарлар, бұрынғылармен үйлесуі керек. Дегенмен, жылдар бойы  қалыптасқан силуэттер мен принттер, немесе ұзақ уақыт бойы қарасам көзім тоймайтын киімдерім де бар екенін жасырмаймын. 
 
 
Біреудің ойлап тапқан образының “көшірмесі”  болудан сақтаныңыздар. Бүгінгі мейнстрим – елден өзгеше болып киіну. Бұған дәлел – сән апталықтарындағы фотографтер, елден өзгеше киінген жандарды ғана өз камераларының назарына ілетіндігі. 
 
Сонымен, құрметті арулар, “көшірме” емес “түпнұсқа” болуға шақыра отырып, келесі аптаға дейін қош айтысамын.