Динара Бердалы – «Экочистка» компаниясының негізін қалаған кәсіпкер. Қаржылық сауатты ашуға бағытталған «Ақша бар» курсының авторы.

 

Ата-ана мен ақшаның нендей байланысы бар?

«Ақша – қолдың кірі», «ақша жоқ» деген сөзді ата-анамыз айтатын. Ол кісілер мұндай ойға қалай келді деп бір сәт ойланайықшы. Ақша туралы тәрбиені оларға кім берді? Ең бастысы, солай ойлауға не түрткі болды?

Бұл кезекте ата-әжеміздің сүрген заманына оралайық. Олар соғысты да, аштықты да, репрессияны да көрген. Мұндай нәубет заманды бастан өткерген адам бала-шағасына (біздің ата-анамызға – ред.) қандай қаржылық тәрбие бере алды? Олар баласын барды қанағат қылуға тәрбиеледі. Ата-анамыздың амбицияшыл болмауы, шүкірлік етуі, көп күлсек, бір жылайтынымызға сенуі – сол тәрбиенің жемісі. Олардың кезінде ашық ақпарат болмады. Психолог пен коучтың көмегіне жүгіне алмады. Демек қаласа да құрсаудан шығуға қауқарсыз еді. Ал енді біз – солардың ұрпағы мына заманда ескі стереотиптерге сәйкес өмір сүрсек ұтыламыз.

Ақша – күйіңіз

Маған «Осы табысың жетер» дейді жақындарым. Олардың қамқорлық танытып отырғанын түсінемін. Бірақ  таңдау жасайтын адамның өзі яки менмін. Ата-ананың көңіліне қараған өте дұрыс. Дегенмен өз меніңізді жоғалтып алудан абай болыңыз. Әр ұсақ-түйекке бола әке-шешесімен ақылдасатын адамда іштей наразылық пайда болады. Күндердің бір күні ол бұл шешімге мәжбүрлі келгенін түсінеді. Міне, сол кезде реніш артады. Жалпы, адам жақынына ренжуге құмар. Оданда ішіңізге үңіліп «Өмірімді жақсартуым үшін не істеуім керек?» деген сұрақ қойыңыз. Өзіңіз бір шешімге келіп әрекет етіңіз.

Ақша деген жерде адам туралы сөйлейміз. Себебі ақша деген энергияның бір түрі. Ақша – бұл сіздің күйіңіз. Ол еркіндік құралы. Бойыңызға реніш пен өкпе жиналған болса, сіз бай бола алмайсыз. Себебі мұндай негативті эмоцияға ақша тартылмайды.

Бай болу үшін ата-ананың көңіліне қарауды қоямыз ба?

Әке-шешенің көңіліне қарауды қою керек деген үндеу тастап отырғаным жоқ. Бүгінгі әңгіме психологиялық тәуелділік туралы болмақ. Сіз ата-анаңыздың жанында тұрсаңыз да тәуелсіз бола аласыз. Керісінше шетелде тұрғаныңызбен тәуелді екеніңізді байқамауыңыз мүмкін. Мысалы, кей қыз-келіншектер әр басқан қадамын анасына айтып береді. Туындаған мәселені өздері шешіп үйренбегендіктен қайтадан анасына қоңырау шалады. Ата-анаңызды сыйлаңыз, жиі қоңырау шалып іздеп тұрыңыз. Бірақ өміріңізге қатысты шешімдерді өзіңіз қабылдағаныңыз абзал. Сонда ертең бұл шешім бұрыс болса, сіз өзіңізге ғана ренжи аласыз.

Психологиялық тәуелсіздік және ақшалай кеңістік

Ата-анаға психологиялық тәуелділіктен бөлек ішкі қорқыныш сезімі де табысты болуға бөгет жасайды. Ондай негативті ойлардан, сезімдерден арылу үшін оқырмандарға мына 4 техниканы ұсынатын едім.  Бұл техникалардың арқасында сіз психологқа бармай-ақ өзіңізге көмектесе аласыз.

1. Құран сүрелерін тыңдау
Сенімсіздік, жаман ойдан арылуға құран сүрелері жақсы көмектеседі. Карантин кезінде күндіз-түні құран сүрелерін тыңдап жүрдім. Бойым жеңілдеп, ойым ауыр ойлардан арылғанын сезбеу мүмкін емес.

2. Шүкірлік ету
Ата-анаңыздың барына, деннің саулығына, күннің шуағына да шүкірлік етіңіз. Ауызша, ойша визуализация арқылы алғыс білдіре аласыз. Болмаса шүкірлік етуге дәптер арнап, соған ризашылығыңызды жаза бастаңыз. Негізі жазбаша шүкірлік етуге кеңес берер едім. Өйткені саусақ ұштарындағы жүйке талшықтары жазған нәрсені есінде сақтап, бойыңызға таратады. Сол арқылы ақпарат түпсанаңызға берік бекітіледі.

3. Таңертеңгі ойды бақылау
Әр күнді позитивті ойлардан бастаңыз. Әдетте «Ертең несиемді төлеуім керек», «Бүгін тағы кептелісте тұратын шығармын» деген оймен оянатын адам ешқашан табысты бола алмайды. «Бүгін керемет күн!» деген оймен күніңізді бастап, позитив толқында болыңыз.

4. Ақ қағазға сыр ақтару
Әр адамның ешкіммен бөліскісі келмейтін құпиялары болады. Бұрынғы өкпе-реніш маза бермейді. Сол кезде неге былай істемедім деген үні өшпейтін диалогтан құтыла алмайсыз. Мұндайда бар сезіміңізді қағазға түсіру қажет. Ойымды сауатты жеткіздім бе деп бас қатырмаңыз. Эмоцияңызды бақылауда ұстамаңыз. Бәрін жазып болған соң қағазды жыртып не өртеп тастаңыз. Өміріңіздегі сол бір сәтке рақмет айтыңыз. «Кешірдім», «кешір» деп жүрегіңізді босатыңыз.

Ақшалай кеңістік

Адам өз күш-қуатын қалыпқа келтіру керек. Ақшалай кеңістіктің пайда болуы үшін адамның ішкі кеңістігі таза, бос болуы шарт. Сонымен қатар табыс табу туралы ойлап қана қоймай, әрекет етуді де қолға алыңыз. Дәл қазірден бастап күніне 1-2 сағат уақыт бөліңіз. Әрекет ету  – ең жоғарғы деңгей. Табыс табу үшін идеал уақыт болмайды. Жүгіріп үйренгіңіз келсе, жаяу жүріп бастаңыз дер едім.

Өзіңізді бірінші орынға қою

Табысын ұлғайта алмай жүргендердің бірінші қателігі – үнемдеу. Үнемдеу арқылы ақшаңыз көбеймейді. Біз айналамыздағы барлығына ақша қиямыз да өзімізден аяймыз. Өзіңізге ұнайтын, шаттық сыйлайтын нәрселерден ақша аямау керек. Әрине, тапқан табысыңызға қарай қаржыңызды реттейсіз. Дегенмен ақылға қонымды мөлшерде қаражатты жан руханияты, жан азығы үшін жаратыңыз.

Алу-беру туралы

Ақшалай кеңістікті кеңейту үшін алу-беру процесі де маңызды. Мысалы, достарыңызға көңіл бөліңіз. Ақшалай көмектеспесеңіз де олардың өмірінен хабардар болып, қолдау көрсетіңіз. Көшеде жүргенде таксистке артық 100-200 теңге бере салыңыз. Осының бәрі алу-беру процесіне жатады. Адам берген сайын өзін жақсы сезінеді.  Бұл да ақшалай тәуелсіздікке жол бастайды.

Ақша тазалықты жақсы көреді

Тазалықты ұстану да ақша тартудың маңызды бөлігі. Үйдегі керек емес киім-кешек, жиһаздан бас тартыңыз. Өкпе-реніш психологиялық қоқыс болса, үйдегі қажет емес заттар – физикалық қоқыс.  Оның орнына одан да жақсы дүние келетініне сеніңіз. Жаңа нәрсе алу үшін ескі нәрсенің орнын босату керек. Осыны есте сақтаңыз.

Ақша неге көзге көрінбейді?

Адамның табысы ұлғайған сайын қажеттілігі де артады. Бұрын 10 000 теңгеге алған көйлекті бүгін 20 000 теңгеге алғыңыз келеді. Ол – заңдылық, шегі жоқ процесс. Көпшіліктің қателігі – шарықтау шегіне жеттім деп ойлауы. Яғни табысын 100 000 теңгеден 200 000 теңгеге көтерген соң, «мақсатыма жеттім, осы да жетеді» деп тоқтап қалады. Табысты арттыру жүйелі түрде орын алуы керек. Бұл дегеніміз өмір бойы ізденісте болу, талпыну, ішкі жан дүниеңізбен тоқтамай жұмыс істеу дегенді білдіреді.

Динара Бердалы: Ата-анаңыздан тәуелсіз болмай байымайсыз

Сұхбаттасқан: Жазира Байдалы